Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жаңа қызметтер eGov.kz порталында қолжетімді
Бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 6 жаңа қызмет онлайн форматқа ауыстырылды және «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды.
Енді, қолданыстағы 18 онлайн қызметтен басқа тағы 6 қызмет қол жетімді болды. Атап айтқанда, ымдау тілі маманын ұсыну, жеке көмекшіні ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, сурдо-тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар мен протездік-ортопедиялық көмек көрсету.
«Бұл қызметтерді іске асыру біз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Біздің міндетіміз - ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алатындай етіп жасау. Біз жүктелген маңызды жауапкершілікті түсінеміз және Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осындай сервистерді ұсынуды жақсарту мақсатында өз тарапымыздан барлық қажетті шараларды қолданамыз», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
eGov.kz порталда қызметтерді көрсетуге өтінім беру үшін тиісті қызметті, тиісті техникалық оңалту құралдарын, қызметтерді жеткізушіні таңдау, өз қажеттіліктерін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасы толық орындалғанға дейін өтінімнің мәртебесін қадағалау қажет. Бұл қызметтерге тапсырыс бере отырып, үйге жеткізуді таңдауға болатынын, «Қазпошта» курьерлері қажеттінің бәрін жеткізетінін атап өту керек.
Бұдан басқа, eGov mobile мобильді қосымшасында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырылған 2 цифрлық құжат қолжетімді болды. Бұл зейнеткер куәлігі және қандас куәлігі. Енді, қосымшаны жүктеп алған қазақстандықтар өз құжаттарының 12 цифрлық көшірмесін пайдалана алады.