Қазақстандықтар ХҚКО мен Мамандандырылған ХҚКО-да тікелей өз смартфондары арқылы кезекті брондай алады
Енді ХҚКО-ға және Мамандандырылған ХҚКО-ға кезекке тікелей eGovMobile қосымшасында тапсырыс беруге немесе қайта брондауға болады. Ол үшін ең жақын орналасқан ХҚКО/Мамандандырылған ХҚКО-ты және келуге ыңғайлы күн мен уақытты таңдау керек.
Қызметті пайдалану үшін «Арнайы қызметтер» бөлімінде «Кезекті онлайн брондауды» таңдау қажет.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, ХҚКО-на кезекті брондауды барынша жеңілдету аталған қызметті жүзеге асырудағы басты мақсат болды. «Біз пайдаланушыларымыздың компьютерге әрдайым кіруге мүмкіндігі болмайтынын және қосымша арқылы кезекке тұру ыңғайлы және жылдам екенін түсініп, қызметті қосымшаға шығару туралы шешім қабылдадық», - деп атап өтті Тұрысов.
Сондай-ақ, қосымшада бірнеше қызметті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қазақстандықтар бір рет бару үшін үш қызметке дейін ала алады. Егер азаматқа бірнеше қызмет алу керек болса, келу мақсатын таңдап, «Бірнеше қызметтер беру» тармағын белгілеу қажет. Содан кейін брондау кезінде оған көп уақыт бөлінеді.
Бұдан басқа, қосымшада азаматтар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» жаңа қызметін пайдалана отырып, өздерінің әлеуметтік есептемелерін тексере алады. Анықтаманы бірнеше минут ішінде алуға болады. Ал «Құқықтық көмек» бөлімінде «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Арнайы мемлекеттік мұрағатынан мұрағаттық анықтамаларды және/немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін алу» қызметін таңдап, мұрағаттан құжаттардың көшірмелерін алуға болады.
Қосымшада Электрондық үкіметтің 70-тен астам сұранысқа ие қызметі және цифрлық құжаттардың 6 түрі іске асырылғанын атап өтеміз.
eGovMobile мобильді қосымшасы GooglePlay және AppStore-да жүктеуге қолжетімді.