ҚР Қарулы Күштерінің азаматтық персоналы «eGov.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қызметтік баспанаға кезекке тұра алады
Бұған дейін қызметтік тұрғын үйге кезекке тұру үшін құжаттар тізбесімен жұмыс орны бойынша өтініш беру қажет болатын. Алайда қазір бұл қызмет «eGov.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қол жетімді болды.
Енді Қорғаныс министрлігінің жұмыскерлері бұл қызметке бюрократиялық қағазбастылықты азайтып, қызмет көрсету мерзімін қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінсіз қол жеткізе алады. Сонымен қатар, бұл бұрын аудандық пайдалану бөлімдеріне бару үшін кететін уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Көрсетілетін қызметті алу үшін «Egov.kz» порталында «Азаматтарға» → «Әскери есеп және қауіпсіздік» → «Әскери қызмет» батырмасын басу арқылы «ҚР Қарулы Күштерінің қызметтік тұрғын үйге мұқтаж азаматтық персоналын есепке қою» көрсетілетін қызметін таңдаңыз, содан кейін авторизациядан өтіңіз. Барлық қажетті жолдарды толтырып, қолжетімді әдіспен қол қойыңыз. Қызмет тегін көрсетіледі және жауап 15 жұмыс күні ішінде қол жетімді болады.
Қажетті құжаттар тізімі:
1) өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде осы елдімекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрақты пайдаланудағы тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мемлекеттік тізілімнен алынған мәліметтер;
2) тиісті құжаттардың болуына қарай туу, қайтыс болу, неке қию, ажырасу, бала асырап алу, әке болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін ауыстыру туралы куәліктер ұсынылады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің, ЦДИАӨМ-нің және «ҰАТ» АҚ-ның ынтымақтастығының арқасында бұл көрсетілетін қызмет пайдаланушылар үшін қолжетімді болды.
Кезекке қою қызметі ҚР Қарулы Күштерінің азаматтық жұмыскерлеріне, оның ішінде әскери құрылымдардың қызметін қолдау мен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін, бірақ әскери қызметшілер болып табылмайтын азаматтық мамандар мен қызметкерлеріне арналғанын естеріңізге саламыз.