Су тасқынынан зардап шеккендер смартфон арқылы көмек алуға өтініш бере алады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға eGov Mobile қосымшасы арқылы көмек алуға өтінім беру қызметін жасады.
Қазіргі уақытта өтінімдер келесі облыстар бойынша қабылданады: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау.
Өтініш беру үшін eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту/тіркелу қажет.
еGov mobile қосымшасында авторизациядан өткеннен кейін басты бетте «Танымал қызметтер» бөлімінде «Су тасқыны себебінен келтірілген материалдық зиянды өтеу туралы өтініш» қызметін таңдау керек.
Сауалнамада барлық міндетті жолдарды толтыру қажет. Әрі қарай, қысқа кодтың немесе құрылғының кірістірілген биометриясы (Face ID, Touch ID) арқылы өтінішке қол қойыңыз.
Өтінім «Әлеуметтік көмек» автоматты ақпараттық жүйесі арқылы оқиғаның тиісті ауданының жергілікті атқарушы органдарына (ЖАО) жіберіледі. Өтінімдерді өңдегеннен кейін зардап шеккен мүлікті бағалау ұйымдастырылады және қажетті қолдау көрсетіледі.
Аталған қызмет барлық деректерді цифрландыруды қоса алғанда, төтенше жағдайларда көмек көрсету процесін толық бақылауды қамтамасыз етеді.
15 сәуірде Ақмола облысында «ЖАО» қызметкерлерін алдын ала оқыту жүргізіліп, жаңа функционал іске қосылды. Қазіргі уақытта кез-келген зардап шеккен адам жаңа форматта көмек ала алады.
Сондай-ақ, үшінші тұлғаларға жеке деректердің қолжетімділігіне жол бермеу үшін тек ресми eGov mobile қосымшасын пайдалану қажеттілігін еске саламыз.