Skip to main content

eOtinish: мемлекет пен азаматтар арасындағы цифрлық диалог жаңа деңгейге шықты, бір жылда 5 млн астам өтініш

Мемлекет пен халық арасындағы цифрлық өзара іс-қимылдың негізгі құралына айналған eOtinish платформасы қазақстандықтар арасында тұрақты сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйе арқылы 5 миллионнан астам өтініш қабылданды. Бұл «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтар мен бизнес өтініштерін қараудың жаңа форматының тиімділігін айқын дәлелдейді.

2022 жылғы 1 шілдеден бастап іске қосылған eOtinish жүйесі азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қабылдау, өңдеу және орындауды бақылау үдерістерін толық автоматтандырды. Бүгінде платформа пайдаланушылары онлайн режимде өз өтініштерінің мәртебесін қадағалап, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу тарихын көре алады, жауаптардың сапасын бағалап, орындау бойынша шағымдар жолдайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының соттарына арыздар бере алады.

«Естуші мемлекет» тұжырымдамасын енгізу және өтініштерді қараудың жаңа форматына көшу Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес «e-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі - eOtinish.kz платформасын енгізу бойынша ауқымды жұмыстарға негіз болды. Келесі маңызды қадам ретінде 2020 жылғы 29 маусымда қабылданған №350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, өтініштермен жұмыс істеудің тәсілін түбегейлі өзгертті.

«Бүгінде eOtinish мемлекет пен халық арасындағы цифрлық өзара іс-қимылда маңызды рөл атқарып, азаматтардың жоғары сеніміне ие болып отыр. «ҰАТ» АҚ командасы жүйені одан әрі ыңғайлы әрі тиімді ету бағытында жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда біз жедел әрекет ету мен деректерді талдауға арналған жасанды интеллект көмекшілерін енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Исабекова.

Бірыңғай цифрлық платформаны іске қоспас бұрын өтініштер әр ведомствоның өз арналарымен қабылданып, тіркелетін. Бұл азаматтар үшін қолайсыздық туғызып, үдерістердің ашықтығын төмендетіп, ведомствоаралық бақылау мүмкіндіктерін шектейтін. eOtinish осы үдерістерді бір жүйеге біріктіріп, ашықтықты, ыңғайлылықты және орындау мерзімдерін бақылауды қамтамасыз етті.

2025 жылы платформа арқылы жеке тұлғалардан 4 миллионнан астам, заңды тұлғалардан 1 миллионға жуық өтініш келіп түсті. 2024 жылмен салыстырғанда өсім шамамен 1 миллион өтінішті құрады.

map of rk

Өтінішті eOtinish.kz сайты, eGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ ХҚКО мен «Нәтиже» өтініштерді қабылдау орталықтары арқылы беруге болады.

Алдағы уақытта жасанды интеллектке негізделген талдамалық құралдарды дамыту, мемлекеттік органдардың Бірыңғай білім базасын жаңарту және платформаның функционалын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің сапасы мен ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.