eGov Mobile қосымшасында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау қызметі қолжетімді болды
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар енді әлеуметтік көмек алу үшін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек eGov.kz порталы арқылы қолжетімді болатын. Енді өтінішті тікелей смартфоннан рәсімдеуге болады.
Әлеуметтік көмек – бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін ақшалай төлем немесе материалдық қолдау. Қызметтің мобильді форматқа көшуі мұндай көмекті алу процесін анағұрлым жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Өтінішті кез келген уақытта және кез келген жерден беруге болады, ал рәсімдеу уақыты едәуір қысқарады.
Мәслихаттардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек қосымша қолдауға мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын егде жастағы азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға, сондай-ақ табысы төмен отбасыларға көрсетіледі.
«Өтініш беру процесі барынша автоматтандырылған. Өтінімді толтыру кезінде деректердің бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Бұл рәсімдеуді жеңілдетіп, қателік жіберу ықтималдығын азайтады. Тәжірибе көрсеткендей, тек 2025 жылдың өзінде eGov.kz порталы арқылы 7 мыңнан астам өтініш түскен», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.
Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:
- eGov Mobile мобильді қосымшасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтер» – «Арнайы қызметтер» бөліміне өту;
- «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» қызметін таңдап, қажетті деректерді толтыру;
- қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен өтінімді растау;
- «Қызметтер тарихы» бөлімінде өтініштің өңделу мәртебесі туралы хабарламамен танысу қажет.
Қызмет көрсету нәтижесі ретінде әлеуметтік көмектің тағайындалғаны туралы хабарлама немесе өтініштің қанағаттандырылмағаны жөнінде негізделген жауап беріледі.
Өтініш берілгеннен кейін ол уәкілетті орган тарапынан қаралады. Шешім отбасының табыс деңгейін және белгіленген өзге де өлшемдерді ескере отырып қабылданады. Өтінішті қарау мерзімі – 8 жұмыс күніне дейін. Қызмет тегін көрсетіледі.
Қызмет Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан іске асырылды.







