Skip to main content

Электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алу тәртібі өзгереді

2025 жылғы 11 тамыздан бастап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) кілттерін алу тәртібі өзгереді. Бұған дейін пайдаланушылар ЭЦҚ алу тәсілін өз бетінше таңдай алатын: онлайн не болмаса Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып. Енді негізгі жол – қашықтан алу. ХҚКО-ға жүгіну тек биометриялық сәйкестендіру жүйесі бірнеше әрекеттен кейін де тұлғаны растай алмаған жағдайда ғана мүмкін болады.

Бұрын ЭЦҚ кілттерін онлайн да, ХҚКО-да да алуға болатын. Енді бұл процедура толықтай онлайн форматқа көшірілді. ЭЦҚ кілттерін алу үшін пайдаланушы eGov.kz порталында немесе Ұлттық куәландырушы орталықтың pki.gov.kz сайтында өтінім беріп, бет-әлпетті тану жүйесі арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Биометрия сәтті өткен жағдайда ЭЦҚ кілттері ешқандай ХҚКО-ға барусыз онлайн түрде беріледі.

Егер жүйе сәйкестендіруді орындай алмаса – мысалы, базада фотосурет болмаған жағдайда не техникалық ақау туындаса – пайдаланушыға әрекетті қайталау мүмкіндігі беріледі. Биометриялық тексерістен өтуге жүйе бес ретке дейін мүмкіндік береді. Тек осы әрекеттерден кейін ғана ХҚКО арқылы ЭЦҚ алу үшін өтінім беруге және оператор арқылы жеке басын растауға жол ашылады.

Маңызды: биометриядан өтпей ХҚКО-ға өтінім беру мүмкін емес. Оператор ЖСН бойынша ақпаратты тексереді және егер бес рет сәтсіз әрекет тіркелмесе, қызмет көрсете алмайды. ХҚКО арқылы өтінім беру мүмкіндігі тек барлық онлайн әрекеттер аяқталғаннан кейін ғана автоматты түрде ашылады.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін ХҚКО-дағы өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Егер пайдаланушы сол жерде сәйкестендіруден сәтті өтсе, кілттер оператордың қатысуынсыз онлайн түрде беріледі.

Қазақстанда ЭЦҚ беру процесінің негізінен қашықтан форматқа ауысқаны статистикалық деректермен расталады. 2025 жылдың басынан бері республика бойынша 14,9 миллионнан астам ЭЦҚ кілті берілді. Соның ішінде 92,25%-ы қашықтан сәйкестендіру арқылы, ал небәрі 7,75%-ы ХҚКО арқылы рәсімделген. Бұл деректер онлайн-сервистің жоғары сұранысқа ие екенін және мемлекеттік қызметтердің цифрландыру бағытында тұрақты үрдіс қалыптасқанын көрсетеді.

Жаңа тәртіп ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. ЭЦҚ – қол қойылған құжатпен тең және толық заңды күшке ие, сол себепті ЭЦҚ кілттеріне қолжетімділік тек иесіне ғана берілуге тиіс. Биометрияны пайдалану тұлғаны сенімді түрде растауға және ЭЦҚ кілттерін заңсыз алу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.