NITEC Egov модульдерін Тоголез Республикасына экспорттайды
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) және Тоголез Республикасының Цифрлық агенттігі (ATD) электрондық үкіметтің үш модулінің цифрлық компоненттерін беру туралы лицензиялық келісімдерге қол қойды. Қол қою рәсімі 18 маусымда Тогоның астанасы Ломеде өтті.
Тараптардың ынтымақтастығы бұрын 2023 жылғы қарашада Тоголез Республикасының Мемлекет басшысы Форе Эссозимна Гнассингбе мырзаның (Faure Essozimna Gnassingbé) Қазақстанға ресми сапары шеңберінде талқыланды. Кейін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Тоголез Республикасының Цифрлық экономика және трансформация министрлігі «Digital Almaty 2024» форумының алаңында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Лицензиялық келісімдерге қол қою нәтижесінде «ҰАТ» АҚ электрондық үкіметтің 3 модулін: «Smart Bridge» сервистерінің витринасын, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасын (ИРБП) және «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесін береді. Бұл Того цифрлық агенттігінің техникалық мамандарына цифрлық мемлекеттік қызметтерді әзірлеуді жеделдету және деректерді жинау негізінде мемлекеттік басқаруды ілгерілету үшін тиімді құралдарды алуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа келісімдер шеңберінде екіжақты тәжірибе алмасу жүргізілетін болады.
«Біздің электрондық үкімет модульдерінің экспорты – бұл біздің цифрлық экожүйеміздің өміршеңдігінің көрсеткіші және отандық IT-мамандардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Бұл біздің қызметтерімізді экспорттайтын үшінші ел. Өткен жылдың соңында біз Тәжікстанға IT-шешімдерімізді экспорттадық, жақында Сьерра-Леоне Республикасымен лицензиялық келісімге қол қоюды бастадық, енді модульдерді Тогоға беруге кірісеміз. Біз тәжірибемен бөлісу мүмкіндігіне қуаныштымыз және жақын арада біздің IT шешімдеріміз әлемнің түкпір - түкпірінде тиімді жұмыс істейді деп үміттенеміз», - деп атап өтті «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дмитрий Мун.
Осы келісімдерге түсініктеме бере отырып, Того цифрлық агенттігінің басқарушы директоры Кафуи Экоухохо (Kafui Ekouhoho) ханым: «Қазақстан цифрлық басқару және пайдаланушының ыңғайлылығына бағдарланған өзара үйлесімді цифрлық экожүйені құру саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұл келісімдер Тогоның өзінің цифрлық трансформациясын жеделдету үшін басқа елдермен ынтымақтасуға дайын екенін білдіреді».
Бүгінгі таңда Қазақстан электрондық үкімет саласындағы халықаралық рейтингтерде жоғары орынға ие екенін естеріңізге сала кетейік. United Nations e-Government Survey мәліметтері бойынша біздің еліміз электрондық үкіметтің даму индексі (UN Global e-Government Development Index) бойынша 193 мемлекет арасында 28-ші орында; сондай-ақ онлайн-қызметтер сапасының индексі бойынша 8-ші орында.
Тоголез Республикасы (Того) – Батыс Африкадағы мемлекет. Астанасы – Ломе. Того халқы 8 миллионнан астам адамды құрайды. Негізгі экспорттық өнімдер-мақта, кофе және какао. Бұдан басқа Того фосфат экспорты бойынша әлемде 4-ші орында.