Skip to main content

Smart Data Ukimet халықаралық Global CIO байқауында жылдың үздік жобасы деп танылды

Деректерді кешенді талдауға арналған Smart Data Ukimet жүйесі Global CIO халықаралық байқауында Best Analytics and Big Data номинациясы бойынша жылдың үздік жобасы атанды.

2024 жылдың қыркүйегінде Global CIO кәсіби IT-қауымдастығы ұйымдастырған жыл сайынғы «Жылдың үздік жобасы» байқауы басталды. Биылғы байқауға 100-ден астам елден 526 жоба ұсынылып, ол IT-саладағы маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Smart Data Ukimet жобасы байқауға қатысып, екі айға созылған дауыс беру нәтижесінде аналитика және үлкен деректер санатында үздік деп танылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен деректерді жинау, сақтау және талдауға арналған бұл жүйе халықаралық сарапшылардың назарын аударды.

Байқау қатысушылары мен жеңімпаздары қатарында Орталық Азия, Үндістан, Малайзия, Түркия, Ирак, Армения, Бразилия және АҚШ сияқты елдердің IT-көшбасшылары бар.

«Бұл жеңіс – біздің командамыздың үйлесімді жұмысының нәтижесі және дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі. Smart Data Ukimet озық аналитикалық шешімдердің мемлекеттік процестердің тиімділігін арттыра алатынын көрсетіп отыр», – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Бижанов.

Аталған байқаудағы жеңіс жобалық команданың үлкен деректермен жұмыс істеу саласындағы жоғары кәсібилігі мен инновациялық көзқарасын тағы бір мәрте растады. Бұған дейін Smart Data Ukimet Future of Government Awards 2023 байқауында Open Source Adaptation номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 50 елден ұсынылған 300-ден астам жоба арасынан үздік деп танылған болатын.