«Цифрлық революционерлер: eGov-қа 20 жыл» деректі фильмі: Қазақстанның электрондық үкіметінің қалыптасу жолы
«Хабар» агенттігі» АҚ «ҰАТ» АҚ командасымен бірлесіп «Цифрлық революционерлер: eGov-қа 20 жыл» атты деректі фильмді ұсынды. Туынды тәуелсіз Қазақстандағы негізгі цифрлық бастамалардың бірі – электрондық үкіметтің қалыптасуы мен даму кезеңдеріне арналған.
Фильм миллиондаған қазақстандықтың өмірін өзгерткен үдерісті баяндайды. Қазір мемлекеттік қызметтерді бірнеше батырманы басу арқылы алу үйреншікті жағдайға айналды. Ал бұдан жиырма жыл бұрын кез келген анықтаманы алу ұзақ кезек күтіп, қағазбастылыққа тап болумен және түрлі мекемелерді аралаумен байланысты еді.
Картина көрерменді 2000 жылдардың басына – электрондық үкімет идеясы енді ғана қалыптасқан кезеңге жетелейді. Сол уақытта IT мамандары, экономистер мен мемлекеттік басқару саласының өкілдерінен құралған шағын топ үлкен міндетті мойнына алды. Олар мемлекет пен азамат арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруді мақсат етті.
Фильмде алғаш рет осы үдерістің тікелей қатысушылары өз тәжірибесімен бөліседі. Олар 2003 жылы eGov тұжырымдамасының қалай әзірленгенін, 2006 жылы eGov.kz порталының іске қосылуы неліктен «ғарышқа ұшумен» теңестіргенін, қандай технологиялық әрі құқықтық қиындықтар туындағанын, деректер қорынан бастап электрондық үкімет шлюзіне дейінгі инфрақұрылымның қалай қалыптасқанын, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ рейтингінде онлайн қызметтер деңгейі бойынша алдыңғы қатарға шығуына не әсер еткенін баяндайды.
Фильм кейіпкерлері – елдің цифрлық трансформациясына үлес қосқан тұлғалар. Олардың қатарында Қуанышбек Есекеев, Сәкен Сарсенов, Бағдат Мусин, Асқар Жумагалиев, Азиза Шужеева және басқа да сала өкілдері бар.
Фильмге сілтеме: Қазақстан ең үздік электронды үкіметтердің бірін қалай жасап шықты.
«Өте мазмұнды жұмыс топтары құрылды. Олардың жұмысына IT саласының түрлі өкілдері қатысты. Сол жерде ақпарат алмасу стандарттарынан бастап, жүйенің жұмыс істеу қағидаттарына дейінгі негізгі шешімдер қабылданды», – Қуанышбек Есекеев.
«Бұл мемлекет деңгейінде жүзеге асқан ауқымды стартап болды. Біз жаңа технологияларды батыл сынап көрдік, қателесуден қорықпадық және дайын шешімдер болмаған жағдайда да ізденісті тоқтатпадық», – Виктор Абрамов.
«Пандемия eGov үшін үлкен сынақ болды. Дәл осы кезеңде жүйе өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін көрсетті», – Әсет Турысов.
«Бүгінгі жетістіктер – көпжылдық еңбектің, батыл шешімдердің және үлкен команданың үйлесімді жұмысының нәтижесі», – Жаслан Мәдиев.
Жиырма жыл ішінде eGov қарапайым ақпараттық порталдан мемлекеттік қызметтердің толыққанды цифрлық экожүйесіне айналды. Бүгінде ол тек қызмет көрсету алаңы ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл өзгерістердің ауқымын бір жылдың көрсеткіштері де айқын көрсетеді: 2025 жылы 51 миллионнан астам мемлекеттік қызмет онлайн форматта ұсынылды, оның жартысына жуығы смартфон арқылы алынған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы цифрлық форматта қолжетімді.
Фильм eGov-тың тек технологиялық жоба емес, ең алдымен адамдардың еңбегі екендігінің көрсеткіші. Жүйені нөлден бастап қалыптастырған мыңдаған маман дайын шешімдерсіз жұмыс істеп, тәжірибе жасап, қателіктерден сабақ алып, нәтижесінде өңірдегі ең дамыған цифрлық мемлекеттік платформалардың бірін құрды.
«Цифрлық революционерлер: eGov-қа 20 жыл» – бұл батыл бастамалар, идеяға деген сенім және тұтас елдің жаңғыруы туралы фильм.







