elicense.kz порталында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызметтерге лицензия алуға болады
Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру қызметі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап elicense.kz порталында автоматтандырылды. Лицензияны заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар да ала алады.
Лицензия алу толығымен автоматтандырылған. Қызмет көрсету мерзімі жаңа лицензия алу үшін 15 жұмыс күнін және қолданыстағы лицензияны қайта ресімдеу үшін 3 жұмыс күнін құрайды.
Лицензия беру қызметін алушының орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүзеге асырады.
Пайдаланушыға лицензия алу үшін:
- elicense.kz порталында авторизация жасау және «Денсаулық сақтау» бөліміне өту;
- қызметтер тізбесінен «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған лицензия беру» таңдау;
- барлық қажетті өрістерді толтыру, файлдарды жүктеу және мемлекеттік бажды төлеу;
- ЭЦҚ/QR көмегімен қызметке қол қою қажет.
Мемлекеттік орган оң шешім шығарған жағдайда лицензия түріндегі рұқсат құжаты elicense.kz порталындағы пайдаланушының «Жеке кабинетіне» «Лицензиялар» модуліне жіберіледі. Өтініш бойынша бас тартылған жағдайда «Менің өтініштерім» модулінде дәлелді бас тартудың нәтижесі сақталады.
Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация бойынша қызметтерді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері лицензияны 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін алуы міндетті екенін айта кету керек.
Лицензия беру кезінде 10 АЕК мөлшерінде, 1 АЕК қайта ресімдеу кезінде лицензиялық алым төленеді. Төлем банктің кез келген бөлімшесінде заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің тіркелген жері бойынша Салық органының атына жүзеге асырылады.
Қызмет ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.