Қазақстанның жобалары WSIS Prizes-2017 халықаралық байқауында жеңімпаз атанды
Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейлі Дүниежүзілік кездесу Форумы WSIS Prizes-2017 шеңберінде Қазақстан Республикасынан ұсынылған үш жоба – Электронды үкімет, Ашық үкімет және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы байқау жеңімпаздарының қатарына ілікті.
WSIS жеңімпаздарын марапаттау Женева қаласында (Швейцария) ағымдағы жылы маусымның 12-16 аралығында өтеді. WSIS Prizes-2017 беделді байқауына дүниежүзі бойынша 345 жоба қатысып, ашық дауыс беру мен әділқазылар алқасының сарапшылық бағасының қорытындысы бойынша 90 жоба өз санаттарынының үздік бестіктер қатарына ілікті.
Аталған байқау 18 санат бойынша өткізілді. «Электронды үкімет» санатында Қазақстанның электронды үкіметі (eGov.kz) және Қазақстанның ашық үкіметі (OpeneGov.kz), ал «Мемлекеттік басқару органдары мен мүдделі тараптардың дамыту мақсатымен инфокоммуникациялық технологияларды қолданудағы рөлі» атты санатында 1414 Бірыңғай байланыс орталығы қатысты. Нәтижесінде отандық жобалар үздік деп танылды.
WSIS Prizes-2017 байқауы 4 деңгей бойынша өткізілді: сұранымдарды қабылдау, сарапшылар тобымен байқаудың номинанттарын анықтау, онлайн дауыс беру жүргізіп әр санат бойынша ең үздік деген бестікті іріктеу, жеңіске жеткен жобаларды анықтау.
Анықтама:
WSIS - ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейлі Дүниежүзілік кездесу Форумы – инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ірі шаралардың бірі, күллі әлем бойынша ықпалды IT-сарапшылары диалог жүргізетін алаңы. Жан-жақты өткізілетін кездесуге мемлекеттік басқару органдарының, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жекеше сектор мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысады. Форумның басты мақсаты – әрбір азамат ақпарат жасап, деректермен еркін алмаса алатын әрі барлығына қолжетімді ашық ақпараттық қоғам құрудағы басты мақсаттарды анықтау болып табылады.