Назарбаев университетінің студенттері Ашық үкіметтің мүмкіндіктерімен танысты
Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің студенттеріне Ашық үкімет бойынша арнайы лекция ұйымдастырылды. Болашақ саясаткерлерге Ашық үкімет құралдарын нәтижелі пайдаланудың әдістері туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанат Мырзабеков жіті талқылап берді.
Биылғы жылдың ақпан айында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанға ашық үкіметті дамыту үшін коммерциялық емес ұйымдармен, журналистермен, ғалымдар және сарапшылар қауымымен байланысты нығайтуға кеңес берген болатын.
Лекция барысында студенттер ашық деректер порталының азаматтарға берер пайдасымен кеңінен танысты. Порталдағы ақпаратты сан түрлі салаларда пайдалануға болады. Мысалы, азамат белгілі бір тұрғылықты жерді таңдаған болса, порталдағы ақпараттың көмегімен ол жерге қатысты мәліметтермен (оқу орындары, балабақшалар, дәріханалар, қорғаушылар кеңсесінің болуы, аталған аудандағы криминогендік жағдай туралы ақпарат және т.б.) жан-жақты таныса алады. Сондай-ақ, ашық деректерді пайдалана отырып сараптамалық және зерттеу жұмыстарын жазуға да болады.
Халықтың фискалды чектері туралы ақпарат сақтаулы тұратын Мемлекеттік кірістер комитетінің ашық деректері маркетологтар, бизнес өкілдері мен сарапшыларға қандай мүмкіндіктер ашу мүмкін деген сұрақ аудиторияның қызығушылығын тудырды. Оларға ІЖӨ есептері, тұтынушылар сұранысын талдау және т.б. жатады.
Жанат Мырзабеков атап өткендей, әлемдегі барлық Ашық үкіметтердің негізгі компоненті Ашық деректер порталдары болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда еркін қолданыста мемлекеттік органдармен 2 мыңнан астам ашық деректер жарияланған. Мұнда серверлерге тікелей қосылу арқылы сұранымды қалыптастырып деректерді біріктіретін интерфейс бар.
«Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің магистранттарына Ашық үкіметтегі ақпаратты пайдалану әр түрлі тақырыптағы диссертациялық жұмыстарды жазуға тірек бола алады. Болашақ басқарушылар аталған порталдың барлық мүмкіндіктерін пайдалануды үйренуі керек, әрі оны дамытуда ұсыныстар жасауларына болады» - деді Ж.Мырзабеков.
Анықтама: Бүгінгі таңда Қазақстанның Ашық үкіметін құрайтын бес интерактивті порталдардың мүмкіндігін азаматтар кеңінен пайдаланса болады. Олар – «Ашық деректер», «Ашық нормативті-құқықтық актілер», «Ашық диалог», «Мемлекеттік органдардың жұмысына баға беру» порталдары.