Енді көлік құралының электрондық паспорты бар
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Көлік құралдарының электрондық паспорты» ұлттық жүйесін пилоттық режимде іске қосты.
Электрондық құжат меншік иесінің қалауы бойынша жаңа және әкелінетін автомобильдерге, тіркелген автомобильдерге ресімделетін болады. Осы көлік құралдарын цифрландыру оның өмірлік циклін тек біздің елімізде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында да қадағалауға мүмкіндік береді.
Электрондық төлқұжаттарда көліктің техникалық сипаттамасы, меншік иесі туралы, тіркеу іс-әрекеттері туралы, шектеулер мен ауыртпалықтар туралы, алымды кәдеге жарату төлемдері туралы, кедендік шектеулер мен кедендік тазарту туралы мәліметтер, жол-көлік оқиғалары туралы және техникалық байқаудан өту туралы мәліметтері қамтылады.
Электрондық паспорттарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының (ұйымдарының) бірыңғай тізіліміне енгізілген уәкілетті органдар және электрондық паспорттарды беруді жүзеге асыратын көлік құралдарын, өздігінен жүретін машиналарды және басқа да техника түрлерін өндіретін ұйымдар рәсімдейтін болады.
Бірыңғай тізілімді Еуразиялық экономикалық комиссия бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктері негізінде электрондық нысанда қалыптастырады және жүргізеді. Қазақстан Республикасының бірыңғай тізілімінің ұлттық бөлігін индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган (ҚР ИИДМ) қалыптастырады және жүргізеді.
Жеке тұлғалар үшінші елдерден әкелінетін көлік құралдарының электрондық паспорттарын ҚР Ұлттық тізіліміне енгізілген уәкілетті органдар (ұйымдар) ғана ресімдей алатындығын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Ұлттық тізілімде тіркелген көліктерге электронды төлқұжат беретін ұйымдар жоқ. Сондай-ақ, егер Ұлттық тізілімде тіркелген көлік құралдарының электрондық төлқұжатын бере алатын ұйымдар болмаса, онда электронды төлқұжаттарды алу уақытша қолжетімсіз болатыны жайлы айта кеткен жөн.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуы бойынша, цифрлық құжат көлік құралдарын сатудағы алаяқтық жағдайларының санын азайтады. Осылайша, қазіргі және болашақ автокөлік иелері үшін мәміленің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етіледі. «ЕАЭО орталық базасында тексеру жүргізудің арқасында қайталанатын вин-кодтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады, бұл халықты ақауы бар көліктерді сатып алуына жол бермейді», - деп атап өтті.
Бүгінгі күні пилоттық жобаға 12 ұйым, оның ішінде импорттаушылар, сонымен қатар отандық өндірушілер қатысады.
Көлік пайдаланылған сайын көлік паспорты жаңартылып, кез келген өзгерістер жүйе арқылы бақыланатын болады. Көлік құралы туралы сенімді ақпараттың болуы бүкіл ЕАЭО-ға мүше елдердегі көлік иелері үшін автокөлікті сату немесе сатып алу процесін неғұрлым қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.