Skip to main content

МО ИРБП платформасы: 66 миллионнан астам қаралым, қолжетімділік пен функционалдың жаңа деңгейі

2025 жылғы 14 шілдеде Astana Hub алаңында «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы» (МО ИРБП) жобасының DEMO DAY іс-шарасы өтті. Кездесудің басты тақырыбы – жобаны азаматтар арасында танымал ету болды. Әсіресе, платформадағы басты бөлімдердің бірі – «Өмірлік жағдайлар» блогына ерекше назар аударылды. Бұл бөлім азаматтарға нақты өмірлік жағдайларда қажетті қызметтерді, рәсімдерді және әрекеттерді түсінуге көмектеседі.

GOV.KZ порталындағы «Өмірлік жағдайлар» – бұл жай ғана жаңа функционал емес, мемлекет пен азамат арасындағы цифрлық өзара іс-қимылдың сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Қазіргі таңда платформада «Жеке куәлікті жоғалту», «ЖОО-ға түсу», «Басқа өңірге көшу», «Бала туғанда берілетін жәрдемақы» және т.б. тақырыптарды қамтитын 169 материал жарияланған. Платформаның мүмкіндіктері туралы азаматтардың кеңінен хабардар болуы үшін ауқымды ақпараттық науқан іске қосылды.

Бұл бағыттағы жұмыстармен қатар, платформаны дамыту жалғасуда. Бүгінде МО ИРБП базасында 3546 мемлекеттік органның интернет-ресурсы жұмыс істейді, ал жалпы құрылған сайттардың саны 4000-нан асты. 2024 жылдың басынан бастап платформаға келушілердің жалпы саны 66 миллионнан асты, оның ішінде қазақстандық пайдаланушылардың үлесі 86%-дан жоғары. Ең танымал сайттар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Цифрлық даму министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің ресурстары. Қаралымдардың 60%-дан астамы мобильді құрылғылар арқылы жасалуда, бұл интерфейстердің ыңғайлылығы мен бейімділігін көрсетеді

2024 жылы жоба отандық QazTech технологиялық платформасына көшірілді. Сонымен қатар негізгі сервистерді дамыту жұмыстары жалғасты: Qoldau.gov.kz тақырыптық сайты іске қосылды, төтенше жағдайлар кезінде халықты хабардар етуге арналған мәтіндік трансляция сервисі, ЖСН бойынша әлеуметтік көмек тексеру модулі, еріктілерге арналған функциясы бар ашық сыбайлас жемқорлыққа қарсы портал және «E-қызмет» жүйесімен біріктірілген бос жұмыс орындарын жариялау модулі іске қосылды. Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік органдарға қоғамдық кеңестер мен есептілік туралы ақпаратты жариялауға арналған бірыңғай модульдер ұсынылды. Платформа халықаралық деңгейде де дамуда – шетелдік пайдаланушылар үшін бейімделіп, Тәжікстан басшылығына Одақтастық декларациясы аясында таныстырылды.

2025 жылдың бірінші тоқсанында платформаның барлық сайттары қайта дизайндаудан өтті, бұл ретте қолжетімділік талаптары ескерілді. WCAG 2.2 негізіндегі СТ РК 2191-2023 стандартына сәйкес келуі қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін AA деңгейіне қол жеткізілді. Тақырып құрылымы мен навигация логикасы түзетілді, басқару элементтері мен мультимедиялық контентке мәтіндік сипаттамалар қосылды, пернетақтамен толық басқару мүмкіндігі енгізілді. Мамыр айында платформа «МТҚ» АҚ сынақтарынан сәтті өтіп, ақпараттық қауіпсіздік бойынша бес оң қорытынды алды.

Бүгінде платформа базасында сайт құру 15 минуттан аспайды және әзірлеушілердің қатысуын қажет етпейді. Контентті басқарудың икемді жүйесі арқылы мемлекеттік органдар өз бетінше өзгерістер енгізіп, сайтты өзекті ақпаратпен толтыра алады.

Жыл соңына дейін платформаның функционалын кеңейту, контентті автоматты түрде мониторингтеу жүйесін енгізу, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сұраныстары бойынша жаңа модульдер әзірлеу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Өмірлік жағдайлар» бөлімін барлық мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына кіріктіру жұмыстары жүргізілуде. DEMO DAY барысында қатысушылар бұл жобаның мемлекет пен азаматтар арасындағы ашықтықты, цифрлық қолжетімділікті және коммуникация тиімділігін арттырудағы маңызды құралға айналғанын атап өтті.