Skip to main content

Электрондық цифрлық қолтаңбаның қызметін онлайн ұзартуға болады

Электрондық цифрлық қолтаңбаның қызметін онлайн ұзартуға болады

Электрондық цифрлық қолтаңбаның қызметін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) бармай-ақ онлайн режимде ұзартуға болады. Мұндай қызмет Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының (ҚР ҰКО) www.pki.gov.kz сайтында қолжетімді. ЭЦҚ кілтін оның жұмыс жасау мерзімі аяқталғанға дейін ғана создыруға болатынын айта кеткен жөн. Егер де қолтаңбаның мерзімі аяқталған болса пайдаланушыларға цифрлық қолтаңбаны іске қосу үшін ХҚКО-на баруға тура келеді.

ЭЦҚ кілтінің күшін онлайн түрде ұзартудың ешқандай қиындығы жоқ, оның үстіне аталған процедураға небәрі 5 минут қажет.

Ең алдымен пайдаланушы ҚР ҰКО сайтына қолданыстағы ЭЦҚ-ның көмегімен авторизациялаудан өткеннен кейін Жеке кабинетке кіру қажет. Пайда болған мәзірде «ЭЦҚ алу» тетігін басып, қолтаңба қою үшін өзіңіздің кілтіңіздің сақтаулы тұрған орнын көрсеткеннен кейін «Сақтау» батырмасын басу керек. Содан кейін пайдаланушылық келісіммен танысу және жеке электрондық пошта мен елді мекенді көрсету ұсынылады. Дәл осы формада пайдаланушы жаңа ЭЦҚ кілтін сақтайтын орынды (файлдық жүйе, Казтокен және т.б.) көрсетіп «Сұраным беру» батырмасын басып, қолданыстағы кілтпен қол қояды. Осыдан кейін парақшаны жаңарту керек, сонда «Сұранымға сәйкес тіркеуші куәлік (сертификат)» деген мәртебе (статус) көрсетілуі тиіс. Осыдан кейін «Сертификаттарды жүктеу» деген батырманы басу қажет. Осымен электрондық цифрлық қолтаңбаның күшін ұзарту процесі аяқталды.

ЭЦҚ алу мен ұзарту бойынша нұсқаулықпен электрондық үкімет порталының (http://egov.kz/cms/kk) басты парақшасындағы бөлімдегі ақпаратпен  танысуға болады.

Цифрлық қолтаңбаның мерзімі берілген уақыттан бір жыл ғана жарамды болып табылады. ҚР ҰКО ақпаратына сәйкес, мұндай мерзім криптографиялық кілттердің төзімдідігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар, ЭЦҚ тізімдерінің белсенділігі мен қайтарылған қолтаңбалардың оптималды өлшемін қолдау үшін қажет.

Анықтама: Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) – электрондық цифрлық белгілерден құралған жинақ. Ол электрондық құжатты растайды, оның мазмұнының өзгеріссіз екендігін айқындайды. 2003 жылдың 7-ші қаңтарындағы «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР № 370-II Заңына сәйкес ЭЦҚ адамның өз қолтаңбасымен күші бірдей қолтаңба болып табылады. Қазақстан азаматтары ЭЦҚ көмегімен электрондық үкіметтің порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік электрондық қызметтер мен сервистерді пайдалана алады. Сонымен қатар, ЭЦҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығымен біріккен ақпараттық жүйелерде пайдалануға болады.