«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы болып Дәулет Нысанқұлұлы сайланды

Бүгін Директорлар кеңесінің шешімімен Дәулет Нысанқұлұлы Бекманов «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы болып сайланды.
Дәулет Бекманов 1983 жылы дүниеге келді. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және ақпараттық технологиялар саласындағы басшылық позицияларда 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесін қоса алғанда, оның 15 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.
2004 жылы «Мирас» жеке университетін «Информатика» мамандығы бойынша, 2010 жылы М.А. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы «Медиа Софт Астана» ЖШС инженер-системотехник лауазымында бастаған. 2006 жылдың қазан айынан 2011 жылдың қазан айына дейін ҚР Ұлттық мұрағатының ақпараттық мұрағаттық технологиялар бөлімінде маман, «Денсаулық сақтаудың инвестициялық жобаларын басқару орталығы» ЖШС жетекші маманы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бас талдаушысы болып жұмыс істеді.
2011 жылдың қазанынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінде, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде, сондай-ақ ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.
2018 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың ақпанына дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.
2020 жылғы ақпаннан 2023 жылғы мамырға дейін Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы. Мемлекеттік қызметтер саласындағы саясатты қалыптастыруға, оларды оңтайландыру мен автоматтандыруға, «Электрондық үкімет» порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне басшылық етті.
2023 жылғы мамырдан 2025 жылғы шілдеге дейін – «Қазпошта» АҚ пошта сервисі және мемлекеттік қызметтер жөніндегі басқарушы директоры. Пошта байланысы бөлімшелері арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жобасына, ауылдық бөлімшелерді дамытуға, сондай-ақ жазбаша хат-хабарлар, баспа басылымдары, гибридті электрондық пошта және арнайы байланыс салаларындағы жұмыстарды үйлестіруге жауапты болды.