Skip to main content

Жүкті әйелдерге арналған жаңа қызмет eGov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді

Енді болашақ аналар eGov.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді алу үшін өтініш бере алады.

Қызмет онлайн түрде қолжетімді және тегін көрсетіледі. Жаңа қызметтің көмегімен болашақ аналарға декреттік демалысқа шыққан кезде әлеуметтік төлем тағайындау бойынша электрондық өтініш беру мүмкіндігі беріледі. Бұрын қызмет ХҚКО арқылы қағаз түрінде көрсетілген болатын.

Айта кетейік, бұл жаңартулар ҚР Президенті бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығы аясында жүзеге асырылды, оның негізгі мәні цифрлық трансформация және мемлекеттік басқарудың барлық салаларының жүйелі реинжинирингі болып табылады.

 «Бұл қызмет халық арасында өте танымал. Болашақ аналарға ыңғайлы болу үшін, олардың уақытын үнемдеу мақсатында және қағазбастылық пен ХҚКО-на баруды азайту үшін біз мемлекеттік органдармен бірлесіп бұл қызметті онлайн форматқа көшірдік. «ҰАТ» АҚ атқарған жұмыстарының арқасында қызмет eGov.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді болды. Бұл өзгерістер қызметті алу процесін ыңғайлы және жылдам етеді, сондай-ақ болашақ ата-аналар үнемдеген уақытты баланың туылуына дайындық үшін пайдалы пайдалана алады», - деп «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин атап өтті.

Іске қосқан күннен бастап 120 адам eGov.kz порталы арқылы қызметті сәтті алды.

Жаңа қызметті eGov.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы пайдалану үшін қызметтер тізімінен «Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау» қызметін табу қажет.

Қызмет көрсету мерзімі - 8 жұмыс күні. Қызмет нәтижесі сомасы көрсетілген төлем тағайындау туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап eGov.kz порталының жеке кабинетіне және eGov mobile қосымшасының Хабарламалар бөліміне жіберіледі.

Онлайн өтінімді сәтті беру үшін медициналық ұйым еңбекке жарамсыздық парағы жайлы ақпаратты Жүкті әйелдер тізімінің жүйесіне енгізгені маңызды, ал болашақ ана туралы электрондық мәліметтерді жұмыс берушінің кадр қызметі Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (http://esutd.gov.kz/sutd/) толтыруы керек.

EGov порталында декреттік демалысқа шығу туралы пайдалы ақпарат жиынтығы бар: https://egov.kz/cms/ru/articles/child/ui_decret, ал eGov mobile мобильді қосымшасында пайдалы ақпараттар «Өмірлік жағдайлар» бөлімінде жинақталған.

Қызмет «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер Комитеті мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асырылды.