Skip to main content

Digital Bridge 2022: Ростислав Коняшкин «Бала туу» проактивті қызметінің жаңа форматын және «Цифрлық мәліметтер» сервисін Мемлекет басшысына таныстырды

28-29 қыркүйекте елордада жыл сайынғы Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өтеді. Биылғы форумның тақырыбы – «Central Eurasia as a new tech platform» - «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде».

Бүгін Мемлекет басшысына «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин Digital Bridge форумында «Бала туу» проактивті қызметі мен «Цифрлық мәліметтер» сервисін таныстырды. Енді проактивті қызметтің барлық хабарламалары SMS арқылы да, PUSH-хабарлама арқылы да келетін болады. eGov Mobile мобильді қосымшасында хабарламаларға жауап беру енді бұрынғыдан ыңғайлырақ болады.

Сонымен қатар, пилоттық нұсқада eGov Mobile мобильдік қосымшасының көмегімен «Цифрлық мәліметтермен» алмасу мүмкіндігі көрсетілді. Сервис мәліметтер мен анықтамалармен алмасудың ыңғайлылығын арттыру мақсатында әзірленді. Мысалы, пайдаланушы қажетті құжаттар пакетін пайдалана алады, ал жұмыс беруші қызметкердің мәліметтер мен деректер жиынтығын электронды түрінде қосымша арқылы сұрата алады. Жаңарту 2022 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының бюрократиядан арылту туралы жарлығына сәйкес қағаз түріндегі бірқатар анықтамалар алынып тасталып, мәліметтер түрінде ұсынылатын болды.

 «Цифрлық мәліметтер» сервисінің көмегімен азаматтар анықтамалармен ыңғайлы тәсілмен бөлісе алады, ал ұйымдар оларды сұрата алады. Қызметті пайдалану үшін авторизациядан өтіп, бірнеше қарапайым қадамдарды орындау жеткілікті. 18 анықтама мен мәліметтерді бөлісуге, басқа пайдаланушылардың сауалдарын қарауға және үшінші тұлғаларға анықтама сұратуға болады, мұның бәрін eGov Mobile көмегімен жасауға болады. Бұрын пайдаланушылар анықтамаларды бөлек сұратып, талап ету орны бойынша қағаз түрінде ұсынған. Аталған жаңарту қызмет алуды айтарлықтай жеңілдетеді, күту уақытын қысқартады», - деп «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин атап өтті.

Сондай-ақ форумда eGov Mobile-да қол қоюдың жаңа әдістері ұсынылды: QR-код, PUSH хабарламалар мен гиперсілтемелер арқылы. Қол қоюдың жаңа әдістермен басқа қосымшаларда бөлісуге және SMS түрінде жіберуге болады. Қол қоюдың бұл әдісі «Отбасы банк» жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға арналған өтінімдерге қол қоюда, сондай-ақ Жоғарғы соттың жеке кабинетінде авторизациядан өтуге және талаптар мен арыздарға қол қою үшін қолданылады. Бұл интерфейс тек мемлекеттік жүйелер үшін ғана емес, сонымен қатар Open Api арқылы жұмыс жасайтын кез-келген сайт пен қосымша үшін жасалғанын атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, eGov Mobile-да шамамен 500 мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді, оның ішінде eGov.kz порталының 212 қызметі, e-license порталының жеке тұлғаларға арналған 250 қызметі бар. Қосымшада заңды күші бар 19 цифрлық құжат қолжетімді. Ай сайын қосымшаны шамамен 2,5 млн. қазақстандық белсенді пайдаланады және шамамен 1 млн. мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Форумның ұйымдастырушылары - ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі.