Skip to main content

Кампанияның бірінші айында eGov порталы арқылы 6 мыңнан астам азамат емханаға тіркелді

Кампанияның бірінші айында eGov порталы арқылы 6 мыңнан астам азамат емханаға тіркелді

«Емханаға тіркел – МӘМС жүйесіндегі мәртебеңді анықта» кампаниясының бірінші айында eGov порталы арқылы 6654 азамат тіркелді. 2017 жылдың бірінші тоқсанында емханаға онлайн-тіркелу қызметін 19 мыңнан астам азамат қолданды.

Қазақстанда 5 сәуір айында, ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін созылатын, халықты емханаға тіркеу бойынша кампания басталды. Бұл жұмыс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу шеңберінде өткізіледі. Емханаға тіркелу тәсілдерінің бірі – электрондық үкімет порталындағы онлайн-қызметін пайдалану, бұл ретте электрондық цифрық қолтаңба (ЭЦП) қажет емес. 

Қызметті онлайн алу үшін eGov.kz порталында авторизациядан өту және «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу» қызмет атауын таңдау жеткілікті. Әрі қарай «Онлайн сұрау» батырмасын шертіп, азамат туралы деректерді көрсете отырып, сұрауды толтыру және өтінішті жіберу керек. Емханадағы жауапты қызметкер сұранымды алып, тіркелу туралы талон рәсімдейді. Қызмет тегін көрсетіледі, мерзімі – 1 жұмыс күнді құрайды. Қызмет көрсету регламенттік мерзімнен асқан жағдайда, тіркелу сұранымы жіберілген медициналық ұйымға жолыққан жөн.

Қызмет көрсетудің нәтижесі жеке кабинеттің «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде, тіркелу туралы ақпарат ретінде немесе тіркеуден себептемелі бас тарту ретінде пайда болады.

Анықтама: «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу» қызметі электрондық үкімет порталында 2013 жылдан бастап іске қосылған. Берілген қызмет барлық аймақтар үшін қолжетімді. 2016 жылы eGov.kz порталының емханаға тіркелу қызметін 846 адам қолданған.