Қазақстан мен Тәжікстан цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігімен бірлесіп Тәжікстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және кеңейтеді.
Тараптардың ынтымақтастығы 2023 жылғы тамызда Тәжікстан Республикасының Мемлекет басшысы Эмомали Рахмон мырзаның Қазақстанға ресми сапары шеңберінде бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында мүмкін болды. Осыдан кейін Қазақстан электрондық үкімет саласындағы IT-шешімдерді Тәжікстанға беруге кірісті.
Жаңа келісімдер шеңберінде тараптар бірқатар екіжақты кездесулер өткізді және Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігінің қызметкерлері үшін арнайы оқыту сессияларын ұйымдастырды. «ҰАТ» АҚ мамандары тәжік әріптестерін Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасымен (МО ИРБП) жұмыс істеуді үйретті. Платформа бірыңғай терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді және мемлекеттік органның қызметкері әзірлеушінің дағдыларынсыз сайтты өз бетінше құра алатын және ондағы ақпаратты жаңарта алатын сайттардың конструкторы болып табылады. Қазақстанда ИРБП базасында әртүрлі мемлекеттік органдардың 3000-нан астам сайты жұмыс істейтінін айта кету керек.
Оқытуды офлайн өткізу екі елдің мамандарына платформада бірлесіп жұмыс істеуге және процесте туындайтын барлық мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Оқыту нәтижесінде агенттік қызметкерлері мемлекеттік органдардың 5 сайтын құруды сәтті бастады. Қажетті білім ұсынылған IT-шешімдердің одан әрі бейімделуіне және жан-жақты интеграциялануына ықпал етеді.
Мұндай екіжақты ынтымақтастық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, отандық IT-өнімдерді техникалық «орналастыруға» және қазақстандық цифрлық экожүйенің компоненттерін тұтастай сыртқы нарықтарда ілгерілетуге көмектеседі.
Оқыту және екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Тәжікстаннан келген әріптестерге сертификаттар салтанатты түрде табысталды. «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Д.Мун және «Куәландырушы орталықтар, мемлекеттік қызметтер және цифрлық бағдарламаларды әзірлеу» ААҚ директоры А. Х. Кодиров қатысушыларды оқудың сәтті аяқталуымен құттықтады.