«ҰАТ» АҚ және Zehn.ai GovTech саласында бірлескен инновациялық зертхана құрады
Тиісті келісім Digital Almaty 2025 форумы аясында жасалды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) мен Zehn.ai арасындағы стратегиялық келісім мемлекеттік технологиялар мен цифрлық трансформация саласындағы бірлескен инновациялық зертхананы құруға және дамытуға бағытталған.
Меморандумға қол қою нәтижесінде GovTech және жасанды интеллект (AI) саласындағы жаңа технологиялық шешімдерді тестілеу мен енгізуге арналған бірегей платформа ретінде зертхана құрылады.
Zehn.ai – бизнес-процестерді автоматтандыру, шешімдер қабылдау сапасын жақсарту және әртүрлі салалардағы тиімділікті арттыру мақсатында AI негізіндегі шешімдерді әзірлеумен айналысатын технологиялық компания. Компания жасанды интеллект пен машиналық оқыту құралдарын әзірлей отырып, операцияларды оңтайландыру мен клиенттермен өзара әрекеттестікті жақсартуға бағытталған.
GovTech инновациялық зертханасы жаңа шешімдерді сынақтан өткізу алаңы ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект және басқа да заманауи цифрлық технологияларды әзірлеу және енгізу орталығы болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге ықпал етеді.
«Zehn.ai компаниясымен келісім бізге халықаралық деңгейде инновациялық жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз автоматтандыру, деректерді талдау, чат-боттар мен басқа да AI-технологияларды әзірлеуге назар аударамыз. Осы бағыттағы негізгі алаңымыз – бірлескен инновациялық зертханамыз болады», – деп атап өтті «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Баян Қоңырбаев.
Сонымен қатар, келісім аясында тараптар GovTech саласындағы білімді тереңдетуге мүмкіндік беретін білім беру бағдарламаларын іске қосу жоспарлап отыр.